2018 жылдың 7 желтоқсанында қоғамтану пәнінен «Діни экстремизм мен терроризмнің елімізге қаупі» тақырыбында 1вт1 оқу тобында магистр, тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы Алиханова Райхан Ерханқызы сыныптан тыс шара өткізді.
Мақсаты: Студенттерге Экстремизм, терроризм, радикализм терминдеріне түсінік беру, Қазақстан Республикасындағы лаңкестікпен қарсы күрестің құқықтық негіздері, қазіргі таңдағы ахуал жайы жөнінде мағлұмат беру. Экстремизм мен терроризмнің таралу себептері, оған қарсы әрекет түрлері жөнінде түсіндіре отырып, бүгінгі өмірмен байланыстыра алдын алу шараларын жүргізу. Студенттердің бұған дейінгі білімдерін кеңейту, тақырыпты өз бетінше меңгеру, сыни ойлай отырып, өз ойын еркін жеткізе білу, талдау дағдыларын қалыптастыру.
Шара барысында «Тарихшылар», «Дінтанушылар», «Саясаткерлер» топтарымен жұмыс,сұрақ – жауап/ситуация туғызу, шешу жолын айту, нақты дәлелдер келтіру әдіс-тәсілдері жүзеге асырылды.
Әсіресе танымдық қызығушылығын арттыратын «Миға шабуыл» сәтінде «Қазақстанға қош келдіңіз!» видеоролигі өте шебер пайдаланылған. Онда Отанымыздың ұлан-байтақ жері мен аспанмен тілдескен таулары, нулы ормандары, құмды бархандар мен каньондарымыз таң ғажайып суреттелген. Осындай жерімізге көптеген елдердің қызығушылық танытып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Ал тақырыпты анықтау сәтінде жергілікті Атырау облысы әкімдігінің арнайы тапсырысымен түсірілген «Өмірзая» фильмінен үзінділер көрсетілді.
Сондай-ақ, шығармашылық жұмыста «Тарихшылар», «Дінтанушылар», «Саясаткерлер» тобы діни экстремизм мен терроризмнің елімізге қауіпті екенін, одан қорғану үшін не істеу керек сұрағына жауап іздеді. «Тарихшылар» терроризмнің сонау б.з.д. 44 жылы Юлий Цезарьға қастандық жасалғанынан бастап пайда болғанын өз деректерінде тілге тиек етіп, жауаптарын плакаттарға сурет салып көрсетсе, «Дінтанушылар» брошюра жасап, елімізде қандай діндерге тыйым салғандарын атап көрсетіп, діліміз бен ұлттық салт-дәстүрімізге сай келетін Абу Ханифа мазһабы екенін айшықтап көрсетті. Ал «Саясаткерлер» діни сауаты жоқ жастардың адасып, Алланың атын жамылып, өздерінің арам ойларын асырып жүрген топтардың «қуыршағы» болып кететінін өз видеороликтерінде арқау етті.
Шараның шарықтау сәті «Санаға сапар» иландыруға арналған тест жұмысы жүргізіліп, онда жастарымыздың сенгіштігінің қаншалықты дәрежеде екенін анықтады.
Шараның қорытынды бөлігінде «Эстафета шырағы» жағылды.
Діни экстремизм жөнінде тақырыпты студенттер өз бетінше меңгере отырып, экстремизм мен терроризм туралы толық мәлімет алып, топпен жұмыста бір-бірін қолдау, өзара жауапкершілік сезімдерін, өмір қауіпсіздігіне жанашырлыққа, бейбіт рухтағы адами қасиеттерін қалыптастыра білді және оның алдын – алу үшін не істеу керек деп ойлайсың деген сұраққа «Эстафета шырағын» бір-біріне жалғай отырып, жауап берді.
Нәтижесінде оқытушының бағыт-бағдар беруімен студенттер сабақты өз бетінше меңгерді.