Бүгін, Бас қаламыз Астана төрінде Елбасымыз Тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастарымыздың қатысуымен өткен үлкен жиында «Жастар жылын» жариялады.
Мемлекетіміздің Президентінің Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында ерекше аталған бұл күнді біз, өлкеміздің әлеуметтік- экономикалық жағдайын нығайтуда еңбекке араласатын кәсіби білікті мамандар дайындайтын іргелі оқу орны Атырау аграрлы-техникалық колледжінің студент жастары асыға күттік. Заманауи білім мен кәсіби өндірістік тәжірибені терең игеруге ұмтылған біздер үшін, бұл жылда жоспарланып, жүзеге асырылатын игі істердің ауқымдылығы бізді ерекше қуантады және үлкен жауапкершілік жүктейді.
Студент жастардың басым көпшілігі ауылдық жерден арман қуып келген жастар екенін ескерсек, көптеген жобалардың ішіндегі “Ауыл – ел бесігі” және басқа да көптеген өміршең проблемаларды шешуге арналған жобалардың алар орны ерекше.
Сондықтан да, бүгінгі ресми бастау алған Жастар жылының алғашқы күндерінен бастап, өңіріміздің және барлық еліміздің жастарын Елбасы идеясын бірауыздан қолдап, «Еліміздің ертеңі – жастар қолында» ұранын басшылыққа алып, аянбай еңбек етуге, айрықша ынтамен білім алып, өндірістік тәжірибені санамызға сіңіруге, дүниедегі озық нәтижелерді күнделікті өмірімізде тиімді пайдалануға шақырамын.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей» Ұлт Көшбасшысының соңына еріп, Тәуелсіз еліміздің тұғырын бүгін нығайтайық!
Әділғалиева Нұрлы
Атырау аграрлы-техникалық колледжінің
«Жастар» комитетінің белсендісі