Оңайбай Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінде «Жастар жылы» аясында, студент жастарға болашақ кәсіби маман ретінде сапалы білім мен саналы тәрбие берумен бірге, қазіргі заманның өзекті проблемасы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шарттары бойынша көптеген мәдени-көпшілік, танымдық шаралар ұйымдастырылуда.
Осындай игі шаралардың бірегейі 2019 жылдың 27 қарашасында колледжде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және студенттер санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында құрамына белсенді студент жастарды біріктірген «Парасаттылық мектебі» құрылды.
«Парасаттылық мектебі» мүшелері студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеу, оны сынап, айыптау санасын қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстарды ұйымдастырады.
Сонымен бірге, колледжімізде дәстүрлі «Парасыз сессия» акциясы өткізіліп, арнайы орнатылған «Сенім жәшігі» мен «Жемқорлыққа жол жоқ», «Нет коррупции», «Stop corruption» тақырыпты үш тілде жасақталған тақтадағы үнемі жаңартылып отыратын көрнекілік материалдар жемқорлық дертіне қарсы насихат жұмыстарын күнделікті оқу-тәрбие үрдісінде жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Басты мақсат, еліне адал қызмет ететін жастарды тәрбиелеп, оларға сыбайлас жемқорлықсыз болашақтың тұғырын бүгіннен бастап қалауды үйрету болып табылады. Басты бағдар – сыбайлас жемқорлықпен күресу және оны болдырмау үшін саналы ұрпақты тәрбиелеу.