Оңабай Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі ұжымы қоғам және мемлекет қайраткері Шырдабаев Равиль Тәжіғараұлын мерейлі 80 жасымен құттықтайды.
Сарқылмас қазба байлығы мен атадан ұрпаққа мирас болған өнерімен танылған киелі Атырау өңірінің презенті Равиль Тәжіғараұлын жерлестері мақтаныш етеді.
Балғын балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдары өткен, қазақ мұнайының алғаш игерілген мекені Доссор кентінде қарапайым жанұяда өмірге келген бозбала соғыс өрті шарпыған елімізді қалпына келтіріп жатырған кезде көп замандастарына арман болған орта білімін алып, үздік оқуының арқасында Кеңес дәуіріндегі ең ірі білім ордаларының бірегейі атанған Мәскеу мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтына оқуға түсіп, білімге деген зеректілігімен бірге қоғамдық жұмыстарға деген құлшынысымен өз қатарларының арасында дараланды. Социализм дәуірінің озық ойлы жалынды жастарын біріктірген Ленин комсомолы қатарында жаңашылдық қабілетінің арқасында жаңа идеялар мен озық тәжірибелерді әріптестерімен бірге өмірге батыл енгізуге кірісті. Бұл кез «қазақтың қайсар жігіттерінің» бірі атанған жерлесіміз Равиль Тәжіғараұлының білікті маман, шебер ұйымдастырушы, ізденгіш ғалым, бір сөзбен айтқанда «сегіз қырлы, бір сырлы» кәсіби маманның қалыптасқандығының алғашқы көрінісі еді.
Равиль Тәжіғараұлы өзінің комсомол, партия-кеңес жұмыстарындағы жеткен жетістіктері мен алған белестерінің әрбір кезеңін өзінің әріптестері мен шәкірттерінің арасында өзіне ғана тән қарапайымдылығы мен іскерлігінің арқасында талай мәрте танытты және қарапайым еңбек адамынан қоғам және мемлекет қайраткерлігіне дейінгі өмір жолында бірнеше буын өкілдерінің бойына сіңіріп, үйретті. Іскер басшы, ұлағатты ұстаздың өмір тәжірибесін көріп, біліп, үйренген мыңдаған жас мамандар қазіргі кезде Тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі салада еңбекке араласып, өз елінің Патриотының өмірлік тәжірибесін көпшілікке үлгі ретінде танытуда.
Равиль Тәжіғараұлының табандылығы мен тапқырлығы, кез келген жағдайда тез және тиімді шешім қабылдау шеберлігі оның партия-кеңес жұмыстарында шыңдалып, егемен еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған «Теңізшевройл» қазақ-америка біріккен кәсіпорнының директоры, Қазақстан мұнай және газ өнеркәсібі министрі, Атырау облысының әкімі және дипломатиялық жұмыстарда ерекше танылды.
Мерейгердің сан алуан кезеңдермен өрнектелген өмір жолында оның өмірлік тәжірибе мен ғылымды ұштастырудағы ізденімпаздық қажырлы еңбегі республиканың мұнай және газ өнеркәсібінің қарқынды дамуына айрықша әсер етті. Бұл саладағы тың жаңалықтардың бастаушысы, білікті реформаторы ретінде оның ғылыми еңбектері тек қана республика көлемі ғана емес, халықаралық деңгейде де танылып, шетелдік сарапшылар тарапынан оң бағасын алды. Ол экономика ғылымының докторы, профессор, академик ретінде 100-ден астамғылыми жарияланымның және мұнай-газ саласының кәсіби мамандарына арналған «Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешенінің нарықтық қатынастарды қалыптастыру және өзін-өзі дамытуға жағдай жасау жолдары» (1995 ж.), «Қазақстанның мұнай-газ кешеніндегі экологияның экономикалық мәселелері» (1996 ж.), «Мұнай: кеше, бүгін, ертең» (2009), «Қазақстан мұнайы. Ғасырлық тарих» (2012 ж.), «Каспий» (2015 ж.) кітаптарының авторы атанып, қоғам және мемлекет алдындағы өлшеусіз еңбегі әділ бағаланып, бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атырау қаласы мен облысының, Мақат және Махамбет аудандарының, АҚШ-тың Балтимор (1982 ж.) және Даллас (1992 ж.) қалаларының «Құрметті азаматы» атанды. «Nur Оtаn» партиясының саяси кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты және халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
Халық даналығында «Елім деген Ер елі үшін туады» дегендей қазақ елінің дарынды ұлы, ұлтының мақтанышы, жастардың ақылшысы Сізді жарқын Өміріңіздің шұғылалы сәті мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Өзгеден ерекше Дара тұлға, киелі Атырау өңірінің төл перзенті ретінде Біз Сізбен мақтанамыз. Қанша көңілдің сандығын айқара ашқызған, қаншама жүрекке жылылық ұялатқан Ел Патриоты, қоғам қайраткері ретінде батыл шешімдеріңізге ерекше тәнті болатын Атыраулық жерлестеріңіз бүгінгідей сәулелі де, сымбатты, аса айшықты, мерейлі күні, Өзіңізге және жанұяыңызға зор денсаулық, береке-бірлік, толағай табыс тілейміз.