Білім күні

1 қыркүйекте О.Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжінде алғашқы оқу жылының басталуы мен мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін Білім күнінің  мерекесіне арналған «Білім күні. Бейбітшілік күні!» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті.

            Оқытушылар, колледж ардагерлері, топ кураторлары, ата-аналар мен студенттер жиналған оқу ғимаратының алдындағы алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.

            Колледж директоры, профессор, техника ғылымдарының докторы Ислам Исағалиұлы Джанзаков құттықтау сөз сөйледі. Жиналғандарға шығармашылық табыстар мен жетістіктер тіледі. Колледждің білікті профессорлық-оқытушылық құрамын ерекше атап өте отырып, олардың құрамы дарынды жастармен толығып келетінін мақтанышпен айтты. Ұстаздарымыздың арқасында түлектер оқу орнынан қоғамға қажетті маман иесі болып,жұмысқа орналасып жатырғанын атап өтті. Бүгінгі білім күнімен бірінші курс студенттерін ерекше құттықтай отырып, оларға мықты тәлімгерлер мен шынайы достар табуға тілектестік білдірді.  
            Іс-шара барысында колледж ардагері Мария Қоңырбайқызы Саурова, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Атырау облысы Жылыой ауданының Құрметті азаматы Меңдібай Сумесинов,   педагог-зерттеуші, арнайы пән оқытушысы, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, «Үздік педагог–2023» атағының иегері Айгүл Есенқұлқызы Сүйесінова құттықтау сөз сөйледі.
            Салтанатты іс-шара колледж аудиторияларында жалғасын тауып, колледж әкімшілігінің өкілдері мен оқытушылары студенттер мен ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісімен таныстырып, сұрақтарға жауап берді.  
            Жаңа оқу жылы жарқын жетістіктерге толы болсын!