Елсана руханият клубының ұйымдастыруымен Ақжелкен орталығында 18 қазан күні «Ұлы даланың мұрасы» атты қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, Дауленованың киізден жасаған бұйымдарының, киімдерінің көрмесі өтті. Бұл көрмеге О. Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің бір топ клуб мүшелері мен Елсана руханият клубының колледждегі үйлестірушісі В.Ә. Нұрмұханова барып көрмеге қатысып келді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұйымдастырылған іс-шараға қатысушылар «Ұлы даланың мұрасы» атты қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін және Дауленованың киізден жасаған бұйымдарының, киімдерінің сән үлгілерін тамашалады. Қолөнер көрмесінде зергерлік бұйымдар, оюлы көрпелер, былғарыны көркемдеп өңдеу, тоқыма, киіз басу және өзге де салалар бойынша үздік атанған шеберлерге арнайы диплом мен сыйлықтар тапсырылды. Көрме соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.