Жаңа жыл – жаңашылдық бастауы

Атырау аграрлы-техникалық колледжінде  жаңа жылдық әсем шыршамен әрлендірілген акт залында колледж  оқытушылары мен қызметкерлерінің балаларына арналған дәстүрлі Жаңа жылды қарсы алу шарасы ұйымдастырылды. Мерекелік шара колледждің дәстүріне сәйкес  Жаңа жылдық шыршаның басты қонағы Аяз Ата мен Ақшақарды, жаңалық пен қуанышқа толы ит бейнесіндегі 2018 жыл мен арман жыл – 2019 «Жастар» жылы бейнесіндегі доңызды, мыстан кемпірді, аюды, қоянды, мысықты және басқа да персонаж-тұлғаларды балалармен бірге  колледж директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақов И.И. қарсы алып, жаңа жылмен құттықтап, жақсы тілектерін айтты.

Ертеңгілік шырша қуанышына әр түрлі танымал кейіпкерлер киімін киіп келген кішкентай бөбектерді  колледждің «Жастар» комитеті мүшелері құттықтады.  Өздерінің әсерлі ойындары мен қойылымдарын көрсеткен, құрамына  белсенді, өнерлі жастарды біріктірген  студент жастар кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысты.

Жаңа жылды қарсы алу шарасы студенттердің көңілді саздық бағдарламасына ұласты.