«Ізгілік – бауырмалдық бастауы»

Атырау аграрлы-техникалық колледжінің «Жастар» комитетінің белсенді  мүшелері бастаған студент жастары 2018-2019 оқу жылының І-ші жарты жылдығын жоғары деңгейде қорытындылап, қысқы сынақ-емтихан сессиясын тапсырып, каникулдың алғашқы күнін «Қайрымдылық» акциясынан бастады.

Жастар жылының алғашқы қадамы Геолог поселкесінде орналасқан «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында бүлдіршіндерге арналған түрлі ертегі өкілдерінің қолдауымен сазды бағдарламаға ұласып, өнерлі студенттермен бірге өнер көрсеткен балғындарға ескерткіш сыйлықтар мен осы үлкен жанұяда тұрып жатырған 6 отбасы мүшелеріне арнайы дайындалған «тәтті сыйлықтар» ұсынумен жалғасты. Әсем әнмен, мың бұралған бимен, заманауи флэшмобпен көркемделген кеш бүлдіршіндерге ғана емес, оларды шын жүректен қуанта білген студент жастарға бауырмалдық, ізгілік, имандылық пен инабаттылықтың символындай әсер қалдырды.

Шара соңында «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы басшысы, балғындардың «Үлкен Анасы» Ботатаева Г.А. өзі бастаған ұжым мүшелері мен бүлдіршіндер атынан колледж әкімшілігне, студент жастарға аналық алғысын білдіріп, колледж ұжымына шығармашылық табыс, жаңа жылдық шабыт тіледі.